Меню KDT
Ақтөбе қ., 11 мөлтек ауданы, 145 үй
-@-

Жаңалықтар

Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ең киелі, ең қастерлі ұғым.

Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ең киелі, ең қастерлі ұғым. Ол – халқымыздың зор бақыты. Ол – ұлтымыздың ұлы мұраты. Талай қиындықты бастан өткерсе де, мойымай, күресе білген қайсар халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығын егемен  ел боп аттады. Содан бері де 30 жыл ғасырлар қойнауына жылжып, биылғы жылы ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толмақ. 
Бүгінде Қазақстан, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында атап көрсеткендей, «алғашқы онжылдықта іргетасын қалап, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеп, шекарасын шегендеп, үшінші онжылдықта индустриялық-инновациялық  даму жолын таңдаған» іргелі елге айналды. Біз Тәуелсіздіктің құны  қымбат екенін, осы жолда талай бабаларымыз, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз құрбан болғанын ұмытпаймыз. Президент мақаласында көтерілген Алаш қайраткерлерінің, біртуар тұлғалардың мұраларын жастар арасында насихаттауды жалғастыру, 1921-1922 жылдардағы нәубет құрбандарының санын нақтылап, тарихымызды түгендеу, 1986 жылы ұлт намысы үшін алаңға шыққан желтоқсаншылар ерлігінің лайықты бағасын беру туралы мәселелер – жастарымызға ел өткенін ұмытпай, болашағын бағдарлауға көмек болмақ.
Президенттің жер мәселесіне қатысты мына көзқарасы еліне, жеріне шын жанашыр  жанға ой тастары анық: «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?.. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз…» Сайып келгенде, мұның барлығы да патриоттық тәрбиеге келіп тіреледі.  Барлығымыз «Отан – өз бесігіміз, өз үйіміз» екенін ұмытпай, тәуелсіз Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуы жолында еңбек етіп, атсалысайық!

03.03.2021
0
98